ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция қызметкері Рамазан Алдабергенов өртеніп жатқан үйден бір айлық нәресте мен анасын аман алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кезекшілік қызметін атқарып жүрген Рамазан 102 операторынан «М.Әуезов көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінде өрт болып жатыр» деген хабарлама алып, дереу оқиға орнына барды. Сол жерде Рамазан пәтердің ішінде бір айлық баласымен бірге әйел кісінің қалып қойғанын естіді.
Тәуекелге бел буған полицей өзіне де қауіп төніп тұрғанына қарамастан көк түтінге оранған пәтерден ана мен баласын алып шыққан. Осындай ержүректігінің арқасында ол екі адамның өмірін сақтап қалды. Құтқарылған адамдарды жедел жәрдем қызметіне аман-есен табыстады.
«Мен бұл әрекетімді ерлік деп санамаймын. Өзімнің қызметтік міндетім деп ұғамын. Бастысы - адам өмірін арашалап қалғаным», - дейді Рамазан Алдабергенов.
Рамазан Алдабергенов 2017 жылдан бастап полиция саласында қызмет атқарып келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.