Қызылордалық полицейлер ірі көлемдегі пәтер ұрлығын жасаған қылмыстық топты құрықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері 1 күн ішінде ірі көлемдегі пәтер ұрлығы қылмысын жасап, қала тұрғынына 14 миллионға жуық шығын келтірген 2 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады.

Ұсталған қылмыстық топ мүшелерінің, яғни 1991 жылы туылған және 1995 жылы туылған азаматтардың  қылмыстық іс-әрекеттері толығымен дәлелденіп, айғақ заттары алынды, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.

 

 Атап айтқанда, жоғарыда аталған азаматтар 2016 жылдың 2 тамызында сағат 14.00-18.30 аралығында Қызылорда қаласы тұрғынының үй-жайына бірінші қабатта орналасқан бөлменің терезесі арқылы кіріп, жатын бөлмеде тұрған  алтын бұйымдарын, 2 миллионға жуық ақшасын және 4 300 АҚШ долларын ұрлап кеткен. Шығынның жалпы сомасы 13 685 000 теңгені құраған.

 

Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Екі күдікті де Қалалық ішкі істер басқармасының Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданды.