ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шри-Ланка мемлекетінің Вакадува қаласында шахматтан өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде қызылордалық Назерке Нұрғали Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Назерке 16 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид түрінен ел намысын қорғады. Нәтижесінде алтыннан алқа тағып, жанкүйер сенімін ақтады. Қызылордалық шахматшы осылайша екінші мəрте Азия чемпионы атанып отыр.
Соңғы жылдарда ол халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғап келеді. 2016 жылы Моңғолиядағы Азия чемпионатында 12 жасқа дейінгі қыздар арасында алтын медаль алды. 2017 жылы Румынияда 13 жасқа дейінгі Əлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2018 жылы Албанияда 15 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы болды.
Биыл Назерке классика, рапидтен (16 жасқа дейінгілер) жəне блицтен (20 жасқа дейінгілер) ел чемпионы атағын жеңіп алды. Ол № 1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Бапкері - Василий Шмелков.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.