ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық спортшы Әсемгүл Ердәулет Хорватияның Умаг қаласында өткен каратэ-додан әлем кубогында чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 14-15 жас аралығында жасөспірімдер арасында 47 келі салмақта сынға түсті. Қызылордалық спортшы аталмыш бәсекеде алты кездесу өткізді.
Алдымен ол Латвиядан келген қарсыласын сүріндірсе, одан италиялық, словакиялық, кипрлік спортшылардан басым түсті. Әсемгүл жартылай финалда румындық әріптесін қапы қалдырды. Ал финалда Иорданиядан келген спортшы оған қарсы тұра алған жоқ.
Енді Әсемгүл әлем чемпионатына қатысады. Дүбірлі дода биыл қазан айында Чилиде өткізіледі.
Бұдан бұрын Әсемгүлдің халықаралық турнирде чемпион атанғанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.