ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб әмірлігінің Шарджа қаласында ампутант және арбадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы бүкіләлемдік ойындарда қызылордалық Қолғанат Бақберген жүлдегер атанды. Сыр саңлағы ұзындыққа секіруден күміс медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалованың хабарлауынша, аталмыш жарысқа еліміздің паралимпиялық ұлттық құрамасы сапында Қолғанат Бақберген мен Еламан Жоламан қатысып жатыр. Енді Еламан ел намысын қорғайды.
Аталмыш бүкіләлемдік ойындар 1948 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оны өткізуге Англиядағы Сток-Мандевиль қалпына келтіру госпиталінің дәрігері Людвиг Гуттман ұйытқы болды. Содан бері ол тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Биылғы жарысқа әлемнің 50 елінен спортшылар келді. Бүкіләлемдік ойындар 17 ақпан күні мәресіне жетеді. Аталмыш ойын жеңімпаздары биыл өтетін жеңіл атлетикадан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алады. Сондай-ақ, 2020 жылы Жапония астанасы - Токио қаласындағы Паралимпиялық ойындарға қатысу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.