ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық студент Дастан Айтбай вирусқа қарсы қорғаныс ретінде қолданылатын арнайы жобаны ойлап тапты. Бұл жоба облыс әкімдігінің қолдауымен ақпараттық технологияны дамыту мақсатында ашылған ІТ-паркінде көпшілікке кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда интернетте вирус тарататын сілтемелер көп. Оларға қарсы антивирустар жасалады. Десе де көп ұзамай оны жойып жібере алатын өзгеше вирустар пайда болып жатады. Дастан өзі жасаған жүйесі вирусқа мықты тосқауыл болатынына сенімді. Бұл хакерлердің жемтігіне айнала қоймайтын жоба ретінде бағаланып отыр.
«Мен бұған «Кафка» бағдарламасы деген атау бердім. Оны вирусқа қарсы вирус деуге негіз бар. Жоба бойынша ол вирусты өз қақпанына түсіреді. Оған өзінің вирустарын жүктеп жібере алады. Нәтижесінде жіберілген вирус қайтадан бұрынғы «ұясына» барып, арқалап келген жүгі арқылы өзін-өзі жойып жібереді», - деді Дастан Айтбай.
Дастан Айтбай қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде тәлім алады. Ол бұл еңбегімен республикалық байқауларға қатысып, жүлделі оралып қайтты. Ол аталмыш жобаның келешекте өз жемісін беретініне зор сеніммен қарайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.