ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотында алаяқтық қылмысына жол берген жергілікті тұрғынға үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол бірнеше мәрте жұрттан алдап, ақша алған. Танысынан баласын жұмысқа тұрғызуға қол ұшын созамын деп ақша алған. Енді бірінен 733 мың теңге алса, ендігі бірінен 1 млн 684 мың теңге иемденген. Сондай-ақ, ендігі бірінен 300 мың теңге алса, тағы бірі оның қолына 600 мың теңге ұстатқан.
«Басты сот талқылауында сотталушы А.-ның айыбы өзінің айыбын мойындап берген жауабымен бірге, жәбірленушілердің жауаптарымен, істегі жинақталған басқа да құжаттармен толық дәлелденді», - деп жазылған аудандық соттың таратқан хабарламасында.
Қазалы аудандық сотының үкімімен сотталушы А. Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Оны екі жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.