ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада ер адам жылу құбырларының арасына қысылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Амангелді Иманов және Әлихан Бөкейхан көшелерінің қиылысында болған. Құтқарушылар 46-жастағы ер адамға көмекке дер кезінде жеткен. Олар құбырды арнайы құрылғымен кескен. Кейін зардап шегуші жедел жәрдем қызметіне табысталды. Құтқару жұмыстарына 5 маман мен 1 арнайы техника жұмылдырылды.
«Қазір жылу құбырындағы температура 65 градусты құрайды. Зардап шеккен адам өліп кеттуі де мүмкін еді. Қасында болған адам бізге дереу хабарласты. Біздің мамандар жылдам әрекет етті. Мұндай жағдай екі жылдай бұрын болған еді. Онда осындай жағдайға душар болған екі адамның бірі көз жұмды», - деді Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.