ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Бакуде өткен дəстүрлі орындаушылардың халықаралық фестивалінда қазақстандықтар жүлделі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық фестиваль 7-9 қазан күндері өткізілді. Оған дүниежүзінің 9 елінен 15 өнерпаз келді. Көпшілік алдында шыққан дүлділдер қазақстандық Шұғыла Мархаба мен Арай Оңғарқызы болды. Қос өнерпаз Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде тәлім алған.
Халықаралық фестивальде Шұғыла Мархаба үшінші орын алса, Арай Оңғарқызы арнайы дипломмен марапатталды. Жас өнерпаздарды аталмыш шараға Зәуре Кәрібаева мен Дінислам Тоқсанбаев дайындап алып барды.
Қармақшы ауданында Жыраулар үйі жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу бағытында игілікті істерді жүзеге асырып отыр. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аталмыш өнер ордасында өнегелі істер лайықты жалғасын тауып келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.