Үстіміздегі жылғы шілденің 12-16-сы аралығында Павлодар қаласында «Қазақстанның 6-шы ұлттық жастар Дельфийлік ойындары» өткізілген болатын.
Биылғы жылғы іріктеу кезеңіне әр облыстан он мен жиырма бес жас аралығында 2 мыңға тарта дарынды жас қатысып, олардың ішінен 400-ден астамы осы Дельфийлік ойындарға жолдама алған еді. Оған Сыр өңірінен 25 талапкер іріктеліп, қатысып қайтты. Ойын нәтижесінде қатысушылар құралақан қалмай, өз шығармашылықтарын жақсы көрсете біліп, жүлделі орындармен оралды. «Академиялық ән салу» жанры бойынша Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің 4- курс студенті, талантты жас Ербол Мұқанов алтын медаль иегері атанды. Осы оқу орнының 3-ші курс студенті Шаһризада Тыныштық күміс медаль еншіледі. Ал қызылордалық «Өнер» мектебінің «Балбұлақ» би ансамблі табыс қоржынына тағы бір алтын медальді сала келді. Сонымен қатар, «Халық аспаптары» жанрынан Махаббат Төрахмет пен «Дәстүрлі ән салу» өнерінен Нұртілек Ахтаев лауреат атанды. Қалған қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сертификат тапсырылды.
Кездесу барысында өз қуаныштарымен бөліскен жастар қауымы демеушілік қолдау көрсеткен облыстық ішкі саясат басқармасына ризашылықтарын білдірді.