«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты девизбен өткен бұл шараны облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Рүстемов сөз сөйлеп ашты. Акцияның мақсаты Жолдаудың басым бағыттары мен негізгі міндеттерін түсіндіру мен насихаттау болды. Онда Сыр жастарының Елбасы Жолдауындағы бағыттары мен міндеттерді қолдайтындығы жария етілді. Осы арқылы Жолдаудың ел дамуындағы маңыздылығы мен құндылығын ұғындыру, жастардың патриоттылығы мен белсенділігін арттыру мәселесі алға шығарылды.
Акцияға облыстағы жастар ұйымдарының өкілдері, мұнайшылар, дәрігерлер, мұғалімдер, жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттері мен белсенді жастардан тұратын 3000-ға жуық адам қатысты.
Қатысушылар Елбасы Жолдауын қолдайтындығын «Елбасының Жолдауы, Жарқын елдің қолдауы», «Елімнің бас тілегі, Жасасын қазақ елі», «Көк байрақ. Әнұран. Елтаңба», «Істің маңыздылығы Жолдауда», «Қазақстан тірегім, Сен деп соғар жүрегім», «Жолдау-дамуға жаңа бағыт, Жастарға берер шабыт», «Жолдау халықтың тірегі, Елбасы елдің тірегі» деген ұрандарымен білдірді.
Акцияға қатысушылар осы ойларын биік мінберден жеткізді. Атап айтқанда, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жандос Базартай білім, денсаулық, тіл және халықтың әлеуметтік мәселесі қашанда Елбасы назарынан тыс қалмағандығын тиек етіп, алдағы жылдары бұл бағытта атқарылар шаралар бойынша бекітілген бағыттарға тоқталды. Жас ғалым Нұрлан Құлмырзаев ақпарат пен технология заманында Елбасының тікелей басшылығымен Қазақстан білім мен ғылымның жаңа белестеріне жететіндігін, елімізде ашылған Назарбаев университетінің нарық сұранысына сәйкес білімнің инновациялық үлгісімен дамитын әлем елдері арасында беделді жоғары оқу орнына айналып, жастардың ғылыми болашағына айқара есік ашылғандығын сөз етті. Ал
облыстық медицина орталығының балалар хирургы Әлімжан Төлегенов Елбасы Жолдауындағы біртұтас денсаулық сақтау жүйесі бойынша бағытында өз пікірін ортаға салды. Сол сияқты Сырдария ауданындағы «Мұса» шаруа қожалығының мал маманы Айбек Қозыбаев ауылшаруашылық машиналарын жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуда, жалпы аграрлық секторда, мал шаруашылығын дамыту да бұрын-соңды болып көрмеген жобалар туралы сөз алып, мал шаруашылығын дамытуға қызмет ете отырып, оның ішінде тұрғындарды сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге өз үлесін қосатындығын мақтанышпен айтты.
Акцияға қатысушылар соңында Үндеу қабылдады.