ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 16 шілдеден бастап Қызылордадан Ресей астанасы - Мәскеу қаласына қатынайтын жаңа әуе бағыты өз жұмысын бастайды. Ұшақтар аптасына 4 рет - дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі күндері ұшады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Әуе тасымалы «Аэрофлот» компаниясының А-320/321 «Эйрбас», «Boeing-737» ұшағымен жүргізіледі. Сонымен қатар, «Байқоңыр-Қызылорда (әуежай)» трансфері дайындалады.
«Биылғы жылдың мамыр айында «Қорқыт ата» әуежайының қызметкерлері «Авиациялық аэрофлот мектебінің» мамандарынан арнайы оқудан өтіп, А320/321 әуе кемесінің техникалық қызмет көрсету даярлығын тексеруден өткізді. Қызылорда облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Байқоңыр қаласының әкімшілігімен әуе бағытының жұмысын жандандыру мақсатында әуежайға баратын автобустар мәселесі туралы жұмыстарды атқарды. «Аэрофлот» компаниясы арқылы ұшу басқа әуе компанияларымен салыстырғанда біршама арзан», - деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгінде алғашқы рейс билеттерінің басым бөлігі сатылып кеткен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.