ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жерлестері бірінші топ мүгедегіне жаңа баспана салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауданның Ақсу ауылында тұратын Орынбек Шаймағанбетов Жаңа жыл қарсаңында тұрғын үйге көшті. Ол аталған ауданда дүниеге келген. Әскерден келгеннен кейін отбасын құрып, жұмыс істеп жүрген азамат 2002 жылы жол апатына ұшырап, бірінші топ мүгедегі болып қалды.
Тағдыр сынына мойымайған азамат 2014 жылдан бастап тігін тігумен айналысады. 2015 жылы «Ақниет» бағдарламасы бойынша алған қайтарымсыз 485 мың теңгеге жеке кәсібін ашты. Бұл отбасы тағы бір қиындыққа ұшырап, Орынбектің жұбайы Жеміскүл де жол апатына түсіп, жұмыстан шығып қалады.
Бұдан бұрын Ақсу ауылында үй жалдап тұрған отбасы осылайша жерлестерінің көмегімен жаңа баспанаға кірді. Оған жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетті.
Бұдан бұрын қазалылық еріктілер тұрмысы төмен отбасына баспана салып берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.