Қызылордалықтар елордаға 380 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 3-4 қыркүйек күндері елордада Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жақанов мәлім етті.

«Жәрмеңке Бауыржан Момышұлы даңғылығындағы Оқушылар сарайы маңындағы көлік тұрағында өтетіндігі жоспарланған. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жәрмеңке 3-4 қыркүйек күндері өтеді. Оған қатысу үшін облысымыздан 50 кәсіпкер келді, олар жалпы салмағы 380 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін 26 көлікпен әкелді», - деді Б.Жақанов.

Сонымен қатар ол елордалықтар мен қала қонақтарын жәрмеңкеге шақырды.

«Ең бірінші кезекте облысымыздың атын шығарған күрішін молынан әкелдік. Мұнан бөлек, ет, қымыз, шұбат және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткіздік. Өнімдеріміздің бағасы елорда базарларынан 15-20 пайызға арзан болады. Барлықтарыңызды жәрмеңкеде күтеміз», - деді басқарма басшысы.