Журналистер қауымы алдымен, облыстағы ең үлкен жылыжай кешенінің құрылысын көрді. Оны облыс орталығының солтүстік-батыс беткейінен «Жан Рос XXI ғасыр» өндірістік кооперативі салуда. Мұнда жұмыс толық қарқынмен жүруде. Қазірдің өзінде елу жылыжайдың жетпіс пайызы дайын деуге болады. Жоба «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Оның сметалық құны 250 млн. теңге тұрады. Қаржы «Ауыл шаруашылығына қаржылай көмек көрсету қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы бөлінді. Бұл өндірістік кооператив осындай жылыжай мен органикалық тыңайтқыштар субстратын шығаратын зауытты Арал ауданында салып жатыр. Оның құны - 120 млн. теңге. Ал қуаттылығы жылына 180 мың литр тыңайтқыш шығаруға тең. Бұл - еліміздегі бірінші осындай өндіріс орны.
Ауыл шаруашылығы басқармасында сондай-ақ бұл ауданда биогумус пен сұйық тыңайтқыш шығару ісі қолға алынғалы тұрғанын да мәлімдеді. Қазіргі күндері мұндай тауарлар републикаға шет елдерден әкелінеді. Сондықтан бағасы өте қымбат. Ал жергілікті жерде шығарылатын өнім әлдеқайда арзанға түспек. Бұған қоса ол жаңадан 60 жұмыс орнын тауып береді.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бұл жұмыстарға қатысты барлық сұрақтарына өндірістік кәсіпорынның құрылтайшысы Бақытжан Қосжанов жауап берді. Ол өзінің мұндай идеяға келуіне Мемлекет басшысының кезекті Жолдауының жолдары септігін тигізгенін айтты.