Қызылорданың «Қайсары» Премьер-лигаға жолдама алатын шақ жақын

ҚЫЗЫЛОРДА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғанындай, футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасының 31-турында Қарағандыда жергілікті «Гефест» командасымен кездесіп, оны 6:0 деген ірі есеппен ұтып шыққан Қызылорданың «Қайсар» клубы футболшыларының Премьер-лигаға жолдама алатын шағы тым қашық емес. Бұл туралы команданың баспасөз хатшысы мәлім етті.

«Ендігі жерде командаға алдағы қалған 5 ойында 10 ұпай жинаса жетіп жатыр. Команда осы ойындардың 2-ін өз алаңында, қалған 3-ін сырт жақтарда өткізеді. Бірақ оларда негізінен аутсайдерлермен күш сынасатынын ескерсек, алға қойған міндеттің биігінен табылуға болатынына толық сенім бар», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Чемпионаттың келесі туры ойынын «Қайсар» 1 қазан, сейсенбі күні Астанада көш соңындағы командалардың бірі - «Астана-1964» командасымен өткізеді. Қазір 67 ұпаймен турнир кестесінде бірінші болып келе жатқан қызылордалықтар өзінен кейінге «Каспийден» - 6, «Іле-Сәулеттен» 8 ұпай алда тұр.

Енді өткен турдағы өзге ойындардың нәтижелерімен таныс болыңыздар: «Іле-Сәулет» (Өтеген батыр) - БИІК (Шымкент) 6:0, «Қызылжар» (Петропавл) - «Мақтааарал» (Жетісай) 2:3, «Астана-1964» (Астана) - «Каспий» (Ақтау) 0:2, «Екібастұз» (Екібастұз) - «Бәйтерек» (Астана) 2:0, «Спартак» (Семей) - «Болат-АМТ» (Теміртау) 2:0, «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Қыран» (Шымкент) 1:0, ЦСКА (Алматы) - «Лашын» (Қаратау) 1:1.

Біріншілік 26 қазанда көмбеге жетеді.