Серіктестік өз өнімдерін биылдан бастап тапсырыс берген аудандарға да жеткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Жаңа өндіріс өткен жылдың өзінде нақты көлемде 4600 шаршы метр дайын үлгідегі бетон өнімдерін шығарған. Тапсырыс болса, дайындалатын өнім көлемі де арта береді.
Сыр өңірінде құрылыс қарқын алып, Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанына 4-5 жылдың жүзі болды. Осы орайда қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы аясында қалада 11 шағынаудан бой көтергенін айтсақ та жеткілікті. Алайда, құрылысқа қажетті материалдың денін еліміздің өзге аймақтарынан тасымалдап жүрміз. Комбинаттың іске қосылуы бұл өзекті мәселені шешуге септігін тигізеді. Өйткені, өткен жылы бой көтерген «Арай-3» шағынауданы мен Жаппасбай батыр көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге осы өндірістің өнімдері пайдаланылды.
Айта кетейік, құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба «Өнімділік-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты. Бірегей кәсіпорынға сыртқы инженерлік инфрақұрылым жобаға 12,5 пайыз үлеспен қатысушы «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ қаржысы есебінен жеткізілді. Жоба қаражатының 938,4 млн теңгесі - лизинг затының, яғни кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтың құны. Несие жергілікті компанияға мемлекеттік бағдарлама аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес кәсіпорны болып табылатын «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы берілді. Ал кәсіпорынға қажетті құрал-жабдық озық технологияны меңгерген «WEILER» компаниясынан келісімшартқа сәйкес әкелінді.
Үй құрылысы комбинаты германиялық технология бойынша жұмыс істейді. Құрылғылар толық автоматтандырылған. Облыста салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің қабырға жабындысы мен іргетас блоктары секілді түрлі бетон бұйымдары осы жерден шығарылуда.
- Жыл соңына дейін 2 ауысымда жұмыс істедік. Қазір ауысымына 35 адам жұмыс істейді. Өнімнің 3 түрін шығарып жатырмыз. Мысалы, жабынды плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып, тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі. Оның ені - 120 см, ұзындығы 6-8 метр. Келешекте кәсіпорында өнімнің бірнеше түрін, атап айтқанда, жылу оқшаулайтын материал салынған дайын қабырға, баспалдақ және баспалдақ алаңы, колонналар секілді өнімнің бірнеше түрін шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздегі бетон бұйымдары нарықтағы бағадан 10 пайыз жеңілдікпен сатылуда. Бетон, темір бұйымдарының сапасын тексеретін зертхана да бар, - дейді кәсіпорынның өндіріс басшысы Қайрат Бекенов.
Кәсіпорын толық қуаттылығына көшкен кезде мұнда баспалдақтар, баспалдақ алаңы мен түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар, жалпы тұрғын үй құрылысына қатысты барлық бетоннан құйылған бұйымдар шығарылады. Мамандар жергілікті бетон бұйымдарын пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтып отыр.
Нақты кезеңде кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен үгінді тастарды пайдаланып отыр. Цемент - Оңтүстік Қазақстан облысынан, ал темірлер Ресейдің Челябі қаласынан тапсырыспен алынады.