«Биыл әлемде қызылшамен ауру өте көп тіркелгенін айта кеткім келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда, алғашқы жарты жылдықтың өзінде 2006 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Біздің елде 10 мыңнан астам қызылша жағдайы тіркелді. Барлық өңірде бар. Әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында 3 мыңнан астам адам, Шымкент қаласында мыңнан астам адам ауырған. Қазір жағдай министрліктің ұдайы бақылауында», - деді ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, 9 айлық балаларға екпе салу шарасы аурудың өршуін баяулатқан.
«Ауру ошақтарында тиісті шаралар жүріп жатыр. Науқастармен қарым-қатынаста болған 17 мың адам егілді. Қызылшамен ауру әсіресе 1 жасқа толмаған, яғни екпе алып үлгермеген балалардың арасында көп болғанын ескеріп, сәуір айынан бері 147 мыңнан астам 9 айлық нәрестеге екпе салдық. Олармен бірге 72 мың медицина қызметкері вакцинацияланды. Қазір елдегі қызылшаның өршуі сәл бәсеңдеді. Шілдедегі көрсеткіш наурыз айымен салыстырған 3,4 есе аз. Наурызда 1984 жағдай тіркелсе, шілдеде 586 сырқат тіркелді», - деді комитет басшысы.
Еске салсақ, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп елімізде балаларды туберкулезге қарсы егу жұмыстары 2-3 айға кешігуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.