Қызын Дубайға алып кеткен әкесі анасына қайтармай отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубайда қызын ұрлап әкеткен әкенің ісі қаралып жатыр. Ол қамқорлық жасау құқығынан айырылғаннан кейін, қызын Қазақстаннан алып кеткен, деп хабарлайды The National басылымы.

Сот құжаттарына сәйкес, олар 2010 жылы Қазақстанда отбасын құрып, бір жылдан кейін қыздары дүниеге келген. 2014 жылы некелері бұзылып, сот қыздың анасымен қалуына шешім шығарды. Әкесі сот үкіміне шағым түсіргенімен, жеңіліс тапты.

«Менің қорғалушым мен оның күйеуі өз елдерінде ажырасты. Олардың жергілікті соты қыздың қамқорлығын анасына берген, алайда, қыздың анасы баласына ата-анасының екеуінің де тәрбиесі керек деп есептегендіктен, әкесіне қызын көріп тұруға, онымен бірге саяхаттауға рұқсат беріп, қол қойған», - дейді әйелдің қорғаушысы Хасан Эльхайс.

Адвокаттың айтуынша, әкесі берілген келісімді пайдаланып, қызды 2015 жылы алып кеткен, содан бері ол анасына не көрсетпеген, не сөйлестірмеген.  Осыдан кейін әкесі қызын өзінің қамқорлығына өтуін сұрап, бұрынғы әйеліне қарсы Дубай сотына талап арыз жазған.

«Біз менің қорғалушым мен оның бұрынғы күйеуі арасындағы жазбаларды сот назарына ұсындық. Онда әйел күйеуінен баласын көрсетуін, тым болмаса  дауысын естіртуін сұраған, ал әкесі қызын көргісі келсе, Дубайға өзінің келуін жазып, әйелдің аналық сезімімен «ойнағандығын» байқауға болады. Ол жүкті болғандықтан Дубайға бара алмаған соң, өзінің әкесін жіберген, ал бұрынғы күйеуі әкесін ұзақ күттіріп, ақыры кездесуге келмеген», - деді адвокат.

Дубай соты қорғаушының дәлелдерімен келісіп, істің олардың құзіретінде еместігін айтқан, бұрынғы күйеуіне қызды қайтарып беруін бұйырған.

Эльхайстың айтуынша, бұрынғы күйеуі қызды анасына әлі қайтармаған және сот үкіміне шағым білдірген.

«Біз апелляциялық сотқа қатысып, қорғалушымызды қолдайтын боламыз», - дейді ол.