Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемнің үздік 400 ЖОО тізіміне ілігіп, 369-шы орынға шықты

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - QS зерттеу орталығының басшысы Бен Саутердің айтуынша, QS World University Rankings рейтингісінде Қазақстанның екі ірі ЖОО дүниежүзінің 400 үздік ЖОО-лар қатарынан көрінуі жоғары бiлiмге деген тұрақты инвестицияның тиiмдiлігін арттыра түспек.

 Бұл туралы  ЕҰУ-дің веб-өкілдігі бөлімі хабарлайды.

2012 жылдың қорытындысына сәйкес, ЕҰУ QS World University Rankings рейтингісінде 369-шы орынды иеленіп, үздік 400 ЖОО тізіміне ілікті. Бұл алдымен, университеттің әлемдiк нарықтағы бiлiм беру саласы қызметінде  деңгейінің жоғары екендігін және білім беру сапасының күшейгендігі мен тұрақтылығын айғақтайтыны анық.

Қазақстан бойынша аталған үздіктер тобында Еуразия ұлттық университетінен кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (390-шы орын) тұр.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ QS WUR рейтингіне 2009 жылдан бастап қатысуда. Атап өтетін жәйт, 2011 жылмен салыстырғанда білім ордасы 69 ЖОО-ның алдын орап, әлемнің 400 үздік университеттері қатарынан көрінді. «Университеттің мұндай белестерді алуына халықаралық жобалар мен бағдарламалардың қосқан үлесі, халықаралық білім және ғылым кеңістігінде университетіміздің белсенді атсалысуы әсер етті» - делінген университтет таратқан хабарламада.  

Сонымен қатар, 2012 жылы аталмыш оқу ордасы тағы бір жағымды жаңалықпен толығып отыр. ҚР БҒМ Ұлттық аккредиттеу орталығы жыл сайын жүргізетін Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы білім беру бағдарламаларының рейтингісіне сәйкес Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 18 университеттің алдын орай отырып, еліміздің ЖОО бойынша үздік көпбейінді оқу ордасы атанды. Мұнымен қоса, Германияның ACQUIN халықаралық аккредитациялау агентігінің шешімімен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың он бірдей білім беру бағдарламасы аккредитациядан өтті.

QS WUR рейтингісі бойынша алғашқы бестік қатарында Массачусетс технология университеті (АҚШ), Кембридж университеті (Ұлыбритания), Гарвард университеті (АҚШ), Лондонның университет колледжі (Ұлыбритания) және Оксфорд университеті (Ұлыбритания) бар.

QS Рейтингі, негізінен, университеттер туралы өздерінің пікірлерін айтатын сарапшылардың сұрақтарын қамтиды. Мұнда ЖОО-лар зерттеулік еңбек, жұмыс берушілердің пікірі, сабақ беру, интернационализация сияқты көрсеткіштермен бағаланады. Рейтинг қорытындысы 46 000 академиялық бiрлестiк өкiлдерi мен 25 000 рекрутер өкiлдерiнің сауалнама нәтижесі арқылы жасалады.

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ республиканы дамытудағы басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, құрылыс, техника мен технологиялар, кәсiпкерлiк және құқық саласында бейімделген жоғары мамандандырылған кадрларды даярлау бойынша Қазақстанның бастаушы университетi болып табылады.

Сонымен қатар, Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз Қазақстан агенттігі  (БСҚТҚА) 2011-2012 жылдары Қазақстанның  жоғары оқу орындарының қызметіне жүргізілген зерт­теу нәтижесінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ - Қазақстан ЖОО арасындағы басты рейтингі бойынша алғашқы орынға табан тіреген болатын.

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарында 2020 жылға дейін еліміздің кемі екі университеті әлемдегі ең озық университеттері қатарынан көрінуі керек деген мақсат қойылған болатын. Бүгінде Еуразия ұлттық университеті осы мақсатқа қол жеткізіп отыр. 

Әлемнің үздік ЖОО тізімімен мына www.topuniversities.com сайт арқылы таныса аласыздар.