«Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түлектерінің қауымдастығы» 2 жаңа кітап шығарды

АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түлектерінің қауымдастығы» «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихындағы азаматтық қоғамның даму жолы» және «Бауыржан Момышұлы - даңқты жауынгер және ұлт патриоты» деген 2 жаңа кітабын басып шығарды,

деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Кітапты баспаға әзірлеу барысында құқық, саясаттану, экономика, әлеуметтану, Қазақстан тарихы салаларының білікті мамандары бірлесе еңбек етті. Кітап авторлары: заң ғылымының докторы, доцент Тілепина Шолпан; тарих ғылымдарының докторы, профессор Садықов Тілеген; саяси ғылымдарының кандидаты, доцент Нечаева Елена, заң ғылымының докторы, профессор Абайділдинов Ербол және т.б.

Аталмыш кітапта мұрағат деректері, сирек кітаптардағы мағлұматтар келтіріліп, Қазақстан Республикасы заңнамасына талдау жасалынды. Сондай-ақ, ҚР мұрағаты мен Ұлттық мұражайынан алынған суреттермен безендірілді.

Басылымда ҚР мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы мәселелеріне қатысты дәйекті деректер көрініс тапқан.

Кітап ЖОО студенттеріне, ұстаздарына, ғылыми қызметкерлерге, сонымен қатар Қазақстан тарихы, мемлекет және құқық тарихы, саясаттану, азаматтық қоғамның саяси-құқықтық мәселелері сынды тақырыптар қызықтыратын оқырмандарға арналған.

Басылым орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді. Жалпы таралымы - 1000 дана.

«Бауыржан Момышұлы - даңқты жауынгер және ұлт патриоты» кітабында Кеңес Одағының Батыры, Панфилов дивизиясының командирі, көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлының қызметі мен өмірі кеңінен баяндалады. Авторлары: тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек; философия ғылымдарының кандидаты, профессор Ысқақова Күлзира; тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мәкен Серік.

Кітапта жазба деректер мен мұрағат материалдары келтірілген. Сондай-ақ Б.Момышұлының өзінің және оның туыстары мен замандастарының естеліктері де пайдаланылды. Кітап мазмұны жағынан батырдың қызметі мен өмір жолын молынан қамтыған.

Басылымда батырдың қанатты сөздері, пайымды пікірлері мен майдандастарының, замандастарының лебіздері қалыс қалған жоқ.

Кітап мектеп, лицей оқушылары мен колледж, ЖОО студенттеріне арналған. Басылым орыс тілінде жарық көрді. Жалпы таралымы - 1000 дана.