Ла Лига басшысы Мбаппенің сөзі үшін Қытайдан кешірім сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Мбаппенің сөзі Қытайда сынға ұшырап, Ла Лига басшысы кешірім айтуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Еuronews.

Фото: instagram.com/javier.tebas

Бәрі 26 қазанда, дүйсенбі күні Мбаппенің The Bridge шоуына берген сұхбаты эфирге шыққаннан кейін басталды. Әңгіме барысында футболшы түрлі сұрақтарға әзіл-қалжыңмен жауап берген. Соның бірі: «Сені ең қатты күлдірген мем қайсы?» деген сұрақ болды.

Мбаппе өзін ең көп күлдірген мемде оның бет-бейнесі «әлдебір адамның, шамасы, Қытай диктаторының» портретіне қойылғанын айтты. Алайда футболшы Мао Цзэдунның есімін тікелей атамаған.

Мао Цзэдун — Қытай Коммунистік партиясының жетекшісі әрі Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы. Қытайда оны мемлекеттің негізін қалаған тұлға ретінде құрметтейді, ал оның бейнесі сынға ұшыратуға болмайтын тақырыптардың бірі саналады.

Мбаппе бірнеше демеушісімен келісімшартынан айырылуы мүмкін

Футболшының сұхбаты Қытайда үлкен наразылық тудырды. AFP агенттігінің мәліметінше, Қытайдың ең ірі әлеуметтік желісі Weibo қолданушыларының бірі: «Егер бұл елде бизнес жүргізгің келсе, бізді құрметтеуді үйрен», — деп жазған.

Спортшының демеушілері де оның сөзіне наразылық білдірді. Сейсенбі күні олардың үшеуі — Dongpeng сусын өндірушісі, Mengniu сүт өнімдері компаниясы және Milkground ірімшік өндірушісі — Килиан Мбаппемен жарнамалық келісімшарттарын дереу бұзатынын мәлімдеді.

— Килиан Мбаппенің Қытайда жағымсыз сезім мен реніш тудырған сөздеріне қатты өкінеміз. Оның қандай зиян келтіргенін түсінеміз, — деп жазды ол.

Тебастың айтуынша, Ла Лига жағдайды реттеу үшін барлық мүмкін шараны қабылдап, Қытайдағы серіктестерімен және әріптестерімен тікелей жұмыс істеп жатыр.

— Біздің Қытайға, оның халқына және мемлекеттік мекемелеріне деген құрметіміз өзгермейді. Көп жыл бойы қалыптасқан қарым-қатынас бір ғана оқиғаның кесірінен бұзылмауы керек, — деп атап өтті Ла Лига басшысы.

Бұл жанжал Мбаппенің Қытайдағы миллиондаған жанкүйерінен айырылуына әкеп соғуы мүмкін. Бұған дейін «Реал» шабуылшысы бұл елде үлкен танымалдыққа ие болған.

Қытайлық жанкүйерлер Мбаппені «Ниндзя тасбақалар» мультсериалындағы Донателлоға ұқсастығына байланысты еркелетіп «Гуйгуй» (тасбақа) деп атаған.

Соңғы әлем чемпионаты кезінде Қытай көрермендеріне Франция құрамасының капитаны Dongpeng энергетикалық сусынын ішетін жарнама жиі көрсетілген еді.

Бұдан бұрын Қытайда Мбаппе қатысқан матчтар мен жарнамаларды көрсету тоқтатылғанын жазғанбыз.