Оқиға Францияның іздестіру-құтқару аймағында болған. Үрлемелі қайықтың қозғалтқышы өртеніп, артынша қайық бұзыла бастаған. Соның салдарынан жолаушылар суға секіруге мәжбүр болған.
Құтқару жұмыстарына Францияның екі құтқару кемесі, әскери-теңіз күштерінің тікұшағы, медицина бригадалары, сондай-ақ Ұлыбританияның теңізде құтқару жөніндегі RNLI ұйымы мен Border Force шекара қызметі қатысты.
Нәтижесінде Франция тарапы 103, ал Ұлыбритания 54 адамды құтқарды. Олардың барлығы Булонь-сюр-Мер портына жеткізіліп, медициналық көмек алды.
Франция билігінің мәліметінше, қайық Нормандиядағы Вёль-ле-Роз ауылынан таңғы сағат алты шамасында шығып, жолға шыққан сәттен бастап құтқару қызметтерінің бақылауында болған.
Француз теңіз билігінің мәліметінше, Ла-Маншты қолдан жасалған қайықтармен кесіп өтпек болған мигранттар көбіне өміріне тікелей қауіп төнгенге дейін көмектен бас тартады. Құтқарушылар қайық аударылып кетпеуі үшін күш қолданбайды.
Соңғы жылдары мұндай қайықтардағы адамдар саны едәуір артқан. Егер 2021 жылы бір қайықта орта есеппен 26 адам болса, биыл бұл көрсеткіш 65 адамға жеткен. Кейінгі апталарда ұзындығы 12 метрге дейін жететін үлкен қайықтардың пайда болғаны да тіркелді.
30 шілдеде Ла-Маншты кесіп өтудің екі бөлек әрекеті кезінде төрт мигрант қаза тапқан. AFP агенттігінің француз және британ билігінің деректеріне сүйеніп хабарлауынша, жыл басынан бері бұғазда кемінде 14 адам көз жұмған. Өткен жылы мұндай әрекеттерден 29 мигрант қаза тапқан еді.
Айта кетейік, Мароккодан Сеутаға өтпек болған 67 мигранттың қаза тапқанын жаздық.
Ал биыл мамыр айында Малайзия жағалауында 37 заңсыз мигранты бар қайық суға батып кетті.