«Ла Скала» театры киім кию ережесін қатаңдатады

Фото: ansa.it/sito

АСТАНА. KAZINFORM — Атақты «Ла Скала» опера театры енді көрермендерді шортпен, майкамен және жеңіл тәпішкемен кіргізбейді.

— Бұл қатал дресс-код емес. Галстук тағып немесе кешкі көйлек киіп келу міндетті емес, алайда театр кіреберісінде және кассада орнатылған тақтайшаларда көрсетілген ең төменгі талаптарды сақтау қажет: майка, шорт және жеңіл тәпішкеге тыйым салынады, — деп жазады италиялық басылымдар.

Сонымен қатар, майкаға тыйым салу әйелдердің жеңсіз көйлек немесе блузка киіп келуіне кедергі емес екені, ал жеңіл тәпішкеге шектеу жапон туристерінің дәстүрлі аяқ киіммен келуіне тыйым салмайтыны атап өтілген.

— Театр дирекциясы көрермендерден театр этикетіне сай киім таңдауды сұрайды, бұл — театрға және басқа көрермендерге құрмет көрсетудің белгісі. Майкамен немесе шортпен келген көрермендер театрға кіргізілмейді, мұндай жағдайда билет қайтарылмайды, — делінген «Ла Скала» театрының ресми сайтында.

«Ла Скала» — әлемдегі ең әйгілі опера театрларының бірі әрі Милан қаласының басты туристік нысандарының қатарында. Театр залы шамамен екі мың көрерменге арналған.

Бұған дейін Италия сахнасындағы қазақ қызы: Әйгерім Алтынбек «Ла Скалада» өнер көрсететінін жазғанбыз.