Лагерь сөзін балаларды жазғы сауықтыру орны сөзімен ауыстыру керек - депутат

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазғы кезде балаларды сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқушылар асыға күтетін жаз мезгілінде балалар үшін жазғы сауықтыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғашқы айы аяқталмай жатып, әлеуметтік желіде желдей ескен Түркістан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай лагерь мәселесі тек биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Кейінгі жылдарда балалар лагері назардан тыс қалған сала болып отыр. Оқу-ағарту министрлігі биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныпта оқитын балалардың 85,3 проценті қамтылатынын хабарлады. Олардың жалпы саны - 2,8 млн адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 218 және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашатыны жарияланды. Бұл тек ресми деректер. Ресми деректерге енбей қалған лагерьлер қаншама», - деді Д. Мұқаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды.

Жаз шықса болды интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады.

Бұл лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді.

«Сонымен қатар, лагерь жұмысын біріңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгізілмеген. Мемлекеттік мекеме жағынан нақты бақылау болмағандықтан, кей ата-аналар балаларына лагерь іздеп шетел асыру жағдайлары да кездесіп жатыр. Ел болашағын ойлайтын отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу үшін оларға барынша жағдай жасау біздің басты міндетіміз», - деді депутат.

Осы тұрғыда ол жазғы уақыттарда балалардың сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек екенін айтты. Мүмкіндік болса, барлық лагерьлер орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал.

«Лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жекеменшік лагерьлерден де талап ету керек», - деді депутат.

Оның пікірінше, кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті.

«Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерлерінің пайда болу тарихы баршағы мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн», - деді Дәулет Мұқаев.