Спикердің айтуынша, тексеру жұмыстары наурыз айында жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асқан.
– Әрі қарай кешенді шаралар жалғасты. Оның ішінде лагерь тәлімгерлеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Мамыр айында тексеріс жұмыстары басталды. «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектептерде де лагерьлер ұйымдастырылады. Соған байланысты құжаттарға, санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен бекітілген ас мәзіріне және қауіпсіздік талаптарына бақылау жүргізілді, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Бүгінде Астанада 112 лагерь жұмыс істейді. Тексеру барысында бірқатар нысанда кемшіліктер анықталғанымен, олардың басым бөлігі дер кезінде түзетілген.
– Кемшіліктері түзелді. Алайда алдағы уақытта өрескел қауіп пен заң бұзу анықталса, олардың қызметі тоқтатылады, – деді Күләш Сәттібаева.
Маманның сөзінше, лагерь таңдағанда ата-аналар оның барлық қажетті тексерістен өткеніне көз жеткізуі тиіс. Қажетті ақпаратты ресми дереккөздерден алуға болады.
– Мысалы, мектеп жанындағы лагерьлердің сайттарында құжаттар мен хаттамалар жарияланады. Сондай-ақ білім басқармаларынан қажетті мәліметтерді алуға болады. Егер мәселе туындаса, Е-өтініш платформасы арқылы шағым жолдау мүмкіндігі бар, – деді спикер.
Лагерьдің қауіпсіздігі тек құжаттармен шектелмейді. Сондықтан ата-аналар балалардың тамақтану сапасына да ерекше назар аударуы қажет. Бұл бағытта қоғамдық бақылау тетіктері қарастырылған.
– Ата-аналар комитеті ас блогына тексеру жүргізе алады. Әр өнімнің сертификаты болуы қажет. Сонымен қатар дайындалған тағамдардың сынамалары бір апта сақталады. Сондықтан олардың сақтау мерзімін бақылау маңызды, – деді ол.
Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне лагерь қызметкерлерінің біліктілігі де тікелей әсер етеді. Сол себепті мамандардың құжаты мен кәсіби даярлығы мұқият тексеріледі. Оның ішінде медициналық кітапша мен қажетті сертификаттың болуы маңызды. Мұндай құжат лагерь жұмысын ұйымдастыруға арналған арнайы даярлық курсынан өткен қызметкерлерге беріледі.
Еске салайық, елімізде балабақшадан орын алып беремін дейтін алаяқтар көбейген.