CNN телеарнасының Гавайи губернаторы Джош Гринге сілтеме жасап хабарлауынша, табиғи апат салдарынан болған жол-көлік оқиғасынан бір адам қаза тапқан.
Гавайи округінің басшысы Кимо Аламеда дауылға байланысты ескерту әлі де күшінде екенін айтып, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге жасырынуға үндеді. Оның айтуынша, штатта жолдардың жабылуы бойынша бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелген. Электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылуы мүмкін.
Дауыл соқпас бұрын Гавайидегі супермаркеттер мен жанармай құю бекеттерінде адам қарасы көбейіп, тұрғындар қажетті заттарды жаппай сатып алған. Бірқатар ауданда эвакуациялық пункттер ашылды.
Қазіргі таңда 60 мыңнан астам үй электр қуатынсыз қалды. Сонымен қатар 190-нан астам әуе рейсі кешіктіріліп, бір бөлігі тоқтатылды.
Гавайиде кейінгі рет жойқын дауыл 1992 жылы болған. Сол кезде «Иники» дауылы төртінші санатқа дейін күшейіп, Кауаи аралына айтарлықтай зиян келтірген.
Еске салайық, бұған дейін «Лала» дауылы Гавайидің Үлкен аралына тікелей соққы беруі мүмкін екенін жазғанбыз.