Ламберто Заньер ЕҚЫҰ Бас хатшысы болып қайта сайланды

ВЕНА. ҚазАқпарат - ЕҚЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің сыртқы істер министрлері ЕҚЫҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Ламберто Заньердің мерзімін екінші үш жылдыққа созу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды аталған ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап шетелдегі меншікті тілшіміз Сыздыков Димаш.

ЕҚЫҰ төрағасы және Швейцария Сыртқы істер министрі Дидье Буркхальтер Л. Заньердің қайта сайлануын мақұлдап, ұйымның ортақ құндылықтарын ілгерілетуде, оның тиімді қызметін қамтамасыз етуде және ортақ қауіптердің алдын алуда атқарған еңбегіне зор алғысын білдірді.

«Ұйымға мүше-мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы мәселелерін ескере отырып, ЕҚЫҰ диалог пен ортақ шешімдер қабылдау үшін маңызды алаңға айналып келе жатқанын атап өткім келеді», - деді Д.Буркхальтер. Биыл 60 жасқа толатын Ламберто Заньер ЕҚЫҰ-да Италияның өкілі. 2011 жылдан бері аталған ұйымның Бас хатшысы қызметін атқарып келеді. Әр жылдары ЕҚЫҰ Шиеленістердің алдын алу орталығын басқарды және БҰҰ-ның Косоводағы арнайы өкілі болды.