Лаңкестер Израиль премьер-министрінің үйіне дронмен соққы бермекші болды

 АСТАНА. KAZINFORM - Израильдің Кесария қаласында Ливаннан ұшырылған дрон бір ғимаратқа соққы берді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәліметінше, шабуылдың нысанасы оның үйі болған, деп жазады BILD.

Фото: freepik.com

Израиль үкіметінің басшысы мен оның әйелі бұл уақытта ғимаратта болмаған. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

ЦАХАЛ «соңғы бір сағат ішінде Израиль аумағына Ливаннан кірген үш дрон анықталғанын мәлімдеді. Тағы бір дрон Кесария аймағындағы ғимаратқа соғылды. Зардап шеккендер тіркелген жоқ. Оқиға кезінде Глилот әскери базасында сиреналар іске қосылды. Тағы екі дрон ұсталды.

Тель-Авивте де әуе шабуылы туралы дабыл қағылды. Дрондардың бірі Израильдің сыртқы барлау қызметі Моссад пен басқа да барлау агенттіктерінің штаб-пәтері орналасқан Глилот аймағына бара жатқан.

Армияның мәліметінше, Израильдің солтүстігіндегі бірқатар елді мекендерде де сиреналар ойнаған.

Бұған дейін Израиль ХАМАС жетекшісі Яхья Синвардың Газа секторында өлтірілгенін растады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильдің негізгі телеарналарында сөйлеген сөзінде ХАМАС бұдан былай Газа секторында билік жүргізбейтінін атап өтті.

Осыған дейін Газаға үш айдан кейін алғаш рет әуеден гуманитарлық көмек тасталғанын жаздық.