Лаңкестердің ұлты жоқ – Қырғызстан ҰҚК төрағасы Ресейдегі лаңкестік әрекет туралы

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы әлеуметтік желідегі парақшасында Ресейде болған лаңкестік әрекет туралы айтты. 

Фото: КАБАР

Арнайы қызмет басшысы Қырғызстан «Крокус Сити Холда» болған оқиғаға қатысты қайғырып отырғанын атап өтті.

«Лаңкестердің ұлты жоқ және Ресейде ұлтаралық араздықты қоздыруға және мигранттарға қарсы қоюға мүдделі лаңкестік ұйымдардың мүшелерінің жетегіне еріп, болған оқиғаға тұтас бір халықты кінәлау орынсыз. Мен өз тарапымнан Тәжікстан Республикасы арнайы қызметінің тұтастығын баса айта аламын, олардың террористік және экстремистік ұйымдармен күресі әдеттегідей тынымсыз жалғасуда», - деп жазды ол. 

К.Ташиевтің айтуынша, арандатушылардың ықпалына кез келген мемлекеттің азаматтары түсуі мүмкін. 

«Алайда лаңкестік әрекетке тапсырыс бергендердің бір ұлт өкілдерін таңдауы кездейсоқ емес. Бауырлас елдердің арнайы қызметтерінің бірлескен күш-жігері «жалған исламистер» деп аталатындардың қылмыстық мақсаттарының жүзеге асуына жол бермейді деп сенемін», - деп түйіндеді ол.