Лаңкестікте қаза тапқан сержанттың анасы Оралда әскери концертке шақырылды
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осындай деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған гала концерттің құрметті қонақтары қатарында «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Исатай Жәрдемов бастаған сардарлар, биылғы 5 маусымда Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалар кезінде ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы Гүлжан Еренова болды.
«Бұл мерекелік шара әскери қызметкерлердің шығармашылық бағыттағы табыс-жетістіктерінің мол екендіктерін көрсетеді. Әскери оркестр бөлімдегі мәдени-көпшілік шаралардың бәріне қатысады. Әскери әндердің сарбаздарға патриоттық және эстетикалық тәрбие беруде маңызы зор», - деді И.Жәрдемов.
Оркестрдің дирижері, аға лейтенант Данияр Ерғосаевтың айтуынша, ұжымда 25 адам болса, олардың бәрі де - кәсіби музыканттар. Бірқатарының консерваториялық білімі бар, республикалық, халықаралық байқауларда лауреат атанғандар да жоқ емес. Мерекелік бағдарламаға патриоттық әндермен қатар шетелдік композиторлардың туындылары да енгізілді.
Өткен жылдар әуендерімен қатар эстрадалық, фольклорлық композицияларға кезек беріліп, «Атамекен» әнімен мәреге жеткен концерт қала тұрғындарына жақсы әсер қалдырды.
Айта кетейік, аталмыш оркестр 5517-әскери бөлім базасында 1995 жылғы сәуірде құрылды. Алғашқы дирижері Есболат Абдулов болды. Шығармашылық ұжым Батыс Қазақстан облысындағы бірден-бір әскери оркестр болып табылады. Биыл оркестр Қазан қаласында өткен V халықаралық «Фанфары Казани» музыкалық үрмелі аспаптар оркестрлері фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетіп, дипломант атанды.