Лариса Долина Астанада ән салады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік атақты эстрада әншісі Лариса Долина Астанада 20-22 маусым аралығында өтетін «Астана кештері» ІІІ халықаралық өнер фестиваліне қатысады.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте фестивальдің көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев айтты.

«22 маусым күні Астана тұрғындары мен қонақтары ресейлік танымал әнші Лариса Долинаның өнерін тамашалауға мүмкіндік алады. Концерт Бейбітшілік және келісім сарайында кешкі сағат 19:00-де басталады. Менің ойымша, бұл естен кетпес керемет кештердің бірі болады», - деді Т.Урманчеев.

«Астана кештері» фестивалі аясында 5 концерт ұйымдастырылады. Оларға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Италия елдерінің танымал әншілері қатысады.

Бұдан бұрын екі рет ұйымдастырылған фестиваль кеңінен танымал болды. Оларды дүние жүзіне белгілі музыкант Святослов Бэлза жүргізді. Алғашқы фестивальді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалаған болатын.