Лас-Вегас ішінде өздігінен жүретін автобус жолаушы тасымалдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лас-Вегас қаласының әкімшілігі 11 қаңтар күні қала орталығында Navya француз компаниясы жасап шығарған жүргізушісіз өздігінен қозғалатын автобусты сынақтан өткізді. Бұл туралы Las Vegas Sun хабарлады.

Адам басқаруынсыз қозғалатын шаттлға 10 жолаушыға дейін сияды. Ол сағатына 43 шақырымдық жылдамдықпен жүре алады, алайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әзірге жылдамдығын сағатына 19 шақырымнан асырмауда. Эксперимент 20 қаңтарға дейін созылады, автобус күн сайын тұрақты түрде қала орталығынан Фримонт-стритке дейін 10-нан 18 сағатқа дейін қатынайды. Сынақ уақытында жол ақысы тегін болады.

«Бізге жыл сайын 40 миллион қонақ келеді, сондықтан орталықтағы жол қозғалысында кептеліс көп.  Біз адамдардың тиімді жүрулері үшін ұзақ еңбек еттік», - деп мәлім етті Лас-Вегастағы қоғамдастықты дамыту бойынша атқарушы директоры Хорхе Сервантес.

Егер Arma шаттлы қауіпсіз болса, билік 2017 жылдың қыркүйегіне дейін осындай автобустардың бірнешеуін тұрақты шығарып отыруға дайын. Navya вице-президенті Анри Коронаның айтуынша, қала үшін автобустың ай сайынғы шығыны 10 мың доллар көлемінде болмақ.