Лас жерде алкоголь өнімдерін дайындайтын 37 заңсыз цех әшкереленді

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін лас жерде алкоголь өнімдерін дайындайтын 37 заңсыз цехтың қызметі анықталды.

Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Заңсыз айналымға шығарылатын алкогольдік өнімнің басым бөлігі жасырын цехтарда антисанитарлық жағдайда жасалады. Аталған кезеңде осындай 37 заңсыз цехтің қызметі әшкереленді», - деді ол.

Мәселен, Алматы облысында қаржы полициясымен қазақстандық және ресейлік өндірушілер атынан алкогольдік өнімдерді заңсыз құйып сатқан астыртын цехтың қызметі тоқтатылды. Аталған цех Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылындағы жеке үйде орналасқан. Одан 1893 бөтелке алкогольдік өнім, қақпақшалар, этикеткалар және 553 мың есепке алу-бақылау маркалары, оған қоса Қытайда жасалған 2 орама аппараты алынды. «Аталған цехті ұйымдастырушы Жәкебаев 3 жылға бас бостандығынан шартты түрде айыруға сотталды», - деді ресми өкіл.

Сондай-ақ Семей қаласында қылмыстық жауапкершілікке Юрьев тартылған. Ол белгілі өндірушілердің атын жамылып алкогольдік өнімдерді жасайтын цехтың заңсыз қызметін ұйымдастырған. Юрьевтің қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде құқық иеленушілер «БН Винзавод» ЖШС, «Бахус» АҚ және «Геом» ЖШС-іне жалпы сомасы 5,6 млн. теңге залал келтірілген.