Латакияда қауіпсіздік күштері мен Асад жақтастары арасында қақтығыс басталды
АСТАНА.KAZINFORM — Ресейдің әуе базасы орналасқан Сирияның Латакия провинциясында қауіпсіздік күштері мен биліктен қуылған президент Башар Асадтың жақтастары арасында қиян-кескі қақтығыс болды, деп жазады ВВС.
Лондонда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау ұйымының (SOHR) мәліметінше, қақтығыстан кемінде 70 адам қаза тапты. Ұйымның атап өтуінше, бұл желтоқсандағы Асад тақтан тайдырылғаннан бергі ең күшті қақтығыс болды.
SOHR мәліметінше, қаза тапқандар арасында қауіпсіздік қызметкерлері, Асадқа адал жауынгерлер және бейбіт тұрғындар да бар.
— Жағалауда Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және құлатылған режим армиясының содырлары арасындағы қанды қақтығыс кезінде 70-тен астам адам қаза тапты, ондаған адам жараланды және тұтқынға алынды, — деп хабарлайды SOHR.
Бұған дейін Сирияның Step ақпарат агенттігі келтірген басқа деректерге қарағанда, үкімет күштері «шамамен 70 бұрынғы режим жауынгерін» өлтіріп, 25-тен астамы кепілге алынған.
Бейсенбі күні Сирияның Sana ақпарат агенттігі биліктен қуылған президенттің жақтастары Жерорта теңізі жағалауындағы Джабле қаласы аймағындағы бақылау-өткізу бекеттерінің біріне шабуыл жасағанын хабарлады.
Бұл жерге жақын жерде ресейлік «Хмеймим» авиабазасы орналасқан. Жақын маңдағы Тартуста, сондай-ақ басқа аудандарда, соның ішінде Хомс пен Алеппода қақтығыс болғаны хабарланды.
Латакия провинциясында жұма күні таңғы сағат 10-ға дейін коменданттық сағат енгізіліп, аймаққа Дамасктен қосымша күш жіберілді.
Сирияның мемлекеттік ақпарат құралдары бұған дейін өтпелі үкіметтің қорғаныс министрлігінің өкілі Хасан Ғанидің Асад жақтастарына үндеуін таратқан болатын.
— Мыңдаған адам қаруын тастап, отбасыларына оралуды шешті, ал кейбіреулері қылмыскерлерді қорғап, қашып өлуді жалғастырып жатыр. Таңдау анық: қаруыңды таста немесе болмай қоймайтын тағдырыңмен бетпе-бет кездес, — деді ол.
Латакия қауіпсіздік өкілі Мұстафа Кнейфати бірнеше топтың «жақсы жоспарланған және қасақана шабуылда» өз позицияларына шабуыл жасап, «көптеген сарбазды» өлтіріп, жаралағанын айтты.
— Біз аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіріп, халқымыздың меншігін қорғаймыз, — деп келтіреді оның сөзін AFP.
Латакия провинциясында биліктен қуылған президент Башар Асад тиесілі үлкен алавиттер қауымы тұрады.
Қоғамдастық өкілдері елде, әсіресе ауылдық жерлерде билік ауысқаннан бері қуғын-сүргінге ұшырағандарын айтады.