Латвия еуроға ойдағыдай өтті

БРЮССЕЛЬ. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - Латвия 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еуроны айналымға ойдағыдай енгізген еуроаймақтың 18-ші мүшесі болды, деп хабарлады Еурокомиссияның баспасөз қызметі.

Еурокомиссияның жақында өткен сауалнама мәліметтері бойынша, латыштар латты еуроға көшерден екі күн бұрын ауыстырып алды. Бұл жаңа валютаға іркіліссіз өтуге жәрдемдесті.

Банкоматтар 1 қаңтардың алғашқы сағаттарынан бастап, банкноттарды бере бастады. Сауда терминалдары да дүкендердегі карточкалық төлемдерді еуроға 2 қаңтарда дүкендердің ашылуына дейін ойдағыдай аударып үлгірді. Көптеген адамдар ескі валютадан тезірек құтылу үшін жаңа жылдың екінші күні қолма-қол сатып алуда латты пайдаланды.

Дегенмен, 3 қаңтардың өзінде дүкендердегі төлемдердің 30 пайызға жуығы еуромен жүргізілді. Латвияның еуроаймаққа енуінің алғашқы екі аптасы өтпелі кезең болып есептеледі - бұл аралықта латпен де, еуромен де сауда жасауға болады. Бұдан кейін лат айналымнан шығарылады.

Латвияның тұтынушылар құқығын қорғау орталығы 2014 жылдың алғашқы күндері тұрғындардан еуроға көшуге байланысты көптеген шағымдар алды. Еуро енгізілген алғашқы екі күн ішінде жалпы еуропалық валютаға бұдан бұрын көшкен көршілес мемлекет - Эстонияға қарағанда шағым үш есе көп түскен. Тұрғындар негізінен валюта ауысқаннан кейін бағаның өскенін, ауыстырудағы кемшіліктерді және басқа да бұзушылықтарды хабарлауда.