Латвия Кобзонды, Газмановты және Валерияны елге кіргізбейтін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Латвияның Сыртқы істер министрлігі ресейлік үш әншіні, яғни Олег Газмановты, Иосиф Кобзонды және Алла Перфилованы (Валерия) Латвияға кіруге тыйым салынған шетелдіктердің тізіміне енгізді.

Осы жайындағы мәлімет аталған ведомствоның сайтында жарияланды. Сонымен қатар ресейлік әншілерге қатысты шектеу қай уақытқа дейін созылатындығы белгісіз.

Латвия Сыртқы істер министрлігінің деректерінше, аталған әртістер Украинадағы саяси жағдай мен аумақтық тұтастығына байланысты мәлімдемелер жасаған.

Министр Эдгарс Ринкевичстің бұл шешімі иммиграция туралы заңның 61 бабы 2 бөліміне сәйкес негізделіп қабылданған.

Би-би-сидің мәліметінше, Олег Газмановтың концерттік директоры Дмитрий Царенко әртіс өзінің жоспарларына түзетулер енгізбегенін және бұрынғысынша Юрмала сапарына дайындалып жатқандығын атап өткен.