Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға тыйым салатын Конвенциядан шығады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM —  Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичс бейсенбі күні басқарылмайтын жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға, сақтауға және өндіруге тыйым салатын Оттава конвенциясынан елдің шығуы туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

— Аймақтық қауіпсіздік жағдайының өзгеруіне байланысты, Латвия үшін өз әрекеттерінің икемділігін шектемеу және ел мен халықты қорғауды күшейту мақсатында әртүрлі қару-жарақ жүйелері мен шешімдерді қолдану мүмкіндігін сақтау маңызды, — делінген заңға қосымша түсіндірме жазбада.

Латвияның бағалауынша, басқарылмайтын жаяу әскерге қарсы миналар өзге миналар мен қару жүйелерімен бірге қолданылғанда, қорғаныс қабілетін күшейтеді, оны балама шешімдермен толық алмастыру мүмкін емес.

Сонымен қатар, Латвия әскери операциялардың бейбіт тұрғындарға әсерін барынша азайтуға міндеттенеді және халықаралық гуманитарлық құқық талаптарын, соның ішінде қақтығыс кезінде азаматтық халықты қорғау нормаларын сақтай беретінін мәлімдеді.

2025 жылғы 16 сәуірде Латвияның Сеймі жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға, сақтауға және өндіруге тыйым салатын Оттава конвенциясынан елдің шығуы туралы заңды үшінші оқылымда қабылдады. Заң жобасын 66 депутат қолдап дауыс берсе, 14 депутат — «Тұрақтылық» және «Латвия — бірінші орында» фракцияларынан — қарсы болды. Екі депутат қалыс қалды, үшеуі дауыс берген жоқ.

Сонымен бірге, Эстония үкіметі де бейсенбі күнгі отырыста Оттава конвенциясынан шығу туралы заң жобасын мақұлдады.

— Қазіргі қауіпсіздік ахуалында Қорғаныс күштеріне қауіп-қатер сипатына және ықтимал қарсыластың әрекетіне қарай қару-жарақ жүйелері мен шешімдерін таңдауда қосымша еркіндік пен икемділік қажет, — делінген Эстония заң жобасына берілген түсіндірмеде.

Сондай-ақ Эстониямен қатар Литва, Польша және Финляндия да Оттава конвенциясынан шығу рәсімін бастағаны хабарланды.

Айта кетелік Латвия әйелдер үшін міндетті әскери қызметті енгізуі мүмкін.