Латвия премьерінің партиясы Сейм сайлауында жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Латвия премьер-министрі Андрис Кулбергстің оңшыл-консервативтік «Біріккен тізімі» парламенттік сайлауда ең көп қолдауға ие болды. Жаңа Сеймге тағы бес саяси күш өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Фото: Wojtek Radwanski/AFP

Дауыстардың 94%-ы есептелген кезде, «Біріккен тізім» 35,4% дауыс жинап, сайлауда көш бастады. Сайлаушылардың 51,8%-ы дауыс беруге қатысты.

Екінші орынға кәсіпкер Айнарас Шлесерске тиесілі «Латвия бірінші орында» популистік партиясы жайғасты. Оны сайлаушылардың 13,2%-ы қолдаған. Ал «Егеменді билік/Жас латыштар одағы» 11,8% дауыс жинап, үшінші орын алды.

Бес пайыздық межеден сондай-ақ «Ұлттық бірлестік» (9,1%), «Прогрессивтілер» (7,4%) және «Жаңа бірлік» (6,2%) өтті.

Осылайша, қазіргі биліктегі коалиция құрамындағы төрт партияның үшеуі — «Біріккен тізім», «Ұлттық бірлестік» және «Жаңа бірлік» — Сеймге өтті. Сайлаудан кейін саяси күштер жаңа коалиция құру жөнінде келіссөздер жүргізеді.

Бұған дейін Kazinform Латвияда парламенттік сайлау өтіп жатқанын хабарлаған еді. 100 депутаттық мандатқа 14 партиялық тізімнен 1 428 кандидат таласты.

Мамыр айында Латвия президенті Эдгарс Ринкевич Эвика Силиня үкіметі отставкаға кеткеннен кейін оппозиция өкілі Андрис Кулбергске жаңа үкімет жасақтауды тапсырған еді.