Еске сала кетсек, осы аптада Латвияда Эвика Силиня үкіметі отставкаға кеткен еді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, отставкаға әуе кеңістігіне ұшқышсыз ұшу аппараттарының басып кіруіне байланысты болған оқиға себеп болған.
Ел президентінің өзі Рига сарайында өткен баспасөз мәслихатында Кулбергстің өз тарапынан «толық сенім мен қолдауға» ие екенін айтты.
Оппозициялық саясаткерге 25 мамырға дейін атқарылған жұмыс туралы есеп ұсыну тапсырылды. Ол болашақ коалицияның нақты құрылымын, министрлік портфельдердің бөлінісін және үкімет декларациясының жобасын қамтуы тиіс.
– Міндет оңай емес, бірақ эмоциялар мен өзара айыптауларды шетке ысырып, мемлекет мүддесі үшін келісімге келе аламыз деп сенемін, – деді Андрис Кулбергс президентпен кездесуден кейін.
Ол қазіргі таңда Латвияға техникалық емес, қауіпсіздік пен экономикадағы нақты мәселелерді қазан айындағы парламент сайлауына дейін шеше алатын толыққанды әрі жұмысқа қабілетті билік қажет екенін атап өтті.
Андрис Кулбергс – 14-шақырылымдағы Сеймнің 46 жастағы депутаты, кәсіпкер әрі көлік және дағдарыс-менеджмент саласының сарапшысы. Ол парламенттік комиссияларды, соның ішінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды тексеру комиссиясын басқарған. Сыбайлас жемқорлыққа, картельдерге және мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына қарсы қатаң ұстанымымен танымал. Соңғы уақытқа дейін «Біріккен тізім» партиясы оппозиция қатарында болған.
Айта кетейік, бұған дейін 14 мамыр күні Латвия премьер-министрі Эвика Силиня отставкаға кетуге шешім қабылдағанын жаздық.