Латвия президенті мен премьер-министрі орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беруге қарсы

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат -Латвияда  орыс  тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беруге байланысты референдум өтті.

Ол үшін конституцияға бірқатар өзгерістер енгізу қажет  және содан кейін ұлттық заңнаманы өзгерту керек, деп хабарлайды utro.ru сайты.

Референдум өткізу бастамасын «Родной язык» қоғамы көтерген. Оны бұл елдегі танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері құрған көрінеді. Олар өздерінің идеясын қолдау үшін 180 мың қол жинаған екен.

Атап айтқанда, Латвияның ресми билігі орыс  тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруге қарсылық танытып отыр. Ел президенті Андрис Берзиньш, премьер-министр Валдис Домбровскис және сейм (парламент) спикері Солвита Аболтиня мемлекет азаматтарына қарсы дауыс беруге шақырған.

Сеймдегі кейбір партиялар референдум өткізуді тоқтатқысы келді және осыған байланысты Конституциялық сотқа сауал жолдады. Олардың талаптары қабылданып, қаралды. Дегенмен де судьялар референдум өткізуге тоқтау салудан бас тартты.

Латвияда 1 млн. 545 мың сайлаушы тіркелді. Орыс тілі екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алу үшін кем дегенде 772 мың латвиялық азаматтардың (50 пайыз) дауысын алуы тиіс. Сарапшылардың есебі бойынша орыс тіліне 250-300 мың адам дауыс беруі мүмкін.

Латвияда орыс тілді халықтың бөлігі 40 пайыздан астам. Алайда, олардың басым бөлігінде  латвиялық азаматтығы жоқ. Сондықтан да олар дауыс беруге заңнама бойынша қатыса алмайды.