Себебі Британияда тұратын латыштардың болашақ тағдыры мен ел экономикасының дамуы да Лондонның таңдаған жолына байланысты болмақ.
Біріккен Корольдіктің ЕО шығуы латыштарды қатты алаңдатып отыр. Себебі Ұлыбритания - Латвияның ең ірі 8 сауда әріптесінің бірі және инвесторы. Риганың пайымдауынша, қысқа мерзімде Brexit-тің ықпалы шамалы болмақ, ал ұзақ мерзімде жалпы Еуропа қоғамдастығының экономикасына, оның ішінде Латвияның экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Ригада жасалған баяндамада елдегі ахуалдың екі нұсқада өрбуі қарастырылған - «жеңіл» және «ауыр» жолдары. Бірінші нұсқада Латвия мен ЕО арасындағы тығыз байланыс бұрынғыша сақталады. Жағдай өзгеше өрбісе, Латвия мен ЕО арақатынасты толық тоқтайды.
«Күтпеген жағдай болды. Ұлыбритания ортақ нарықтан кетпейді деп ойлаған едік. Бірақ Премьер-министр соңғы мәлімдемесінде ЕО мүшелігінен шығатындарын нақты айтты. Яғни көп ұзамай жағдай өзгереді деген сөз. Жақсы бола ма, әлде нашарлай ма, белгісіз. Енді қандай өзгерістер болатынын Еуроодақ пен Ұлыбритания арасындағы келіссөздердің нәтижесі көрсетер», - дейді Латвия парламентінің депутаты Армандс Краузе.
Егер Лондон ортақ нарықтан кетсе, жұмыс күшінің еркін қозғалысын да тоқтата алады. Дәл осы мәселе Латвияға қиындық әкелуі мүмкін. Өйткені қазір 100 мыңдай латыш азаматы Біріккен Корольдікте тұрып жатыр.
«Әрине, сонда тұрып жатқан латыштарға әсер етуі сөзсіз. Яғни олардың өз отбасылармен қауышуы екіталай болмақ. Британияда қалған латыштар тұрақты тұру құқығын алуы мүмкін, тіпті оларға азаматтық алу талаптары да жеңілдейтін шығар. Керісінше, Еуроодақтың басқа елдерінен келген жұмысшыларға және балаларға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қысқарады. Осының бәрі адамдарға қатты соққы болары анық», - дейді Латвияның Еуропарламенттегі депутаты Татьяна Жданок.
Дегенімен Британиядағы латыштар Brexit-тен кейін жаппай елге қайтуға асығар емес. Тіпті оларды жергілікті халықтың мигранттарды жақтырмай ала көзбен қарауы сескендірер емес.