Латвияда дағдарыс кезінде есі ауысқан адамдардың саны арта түсті

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - 2007 жылдан бастап Латвияда психикалық ауруға ұшыраған адамдардың саны шұғыл өсті, деп хабарлады Латвия денсаулық сақтау министрлігі халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі баяндамасында.

Денсаулық министрлігінің атап өтуінше, психикалық сырқатқа ұшырағандардың көбеюі әсіресе елде экономикалық дағдарыс өршіп тұрған 2009-2010 жылдарда айқын байқалды, деп хабарлады БалтИнфо.

2009-2010 жылдары 70 жастан асқан адамдардың психикалық ауруларға ұшырауы 38 пайызға артқан. «Қоғамның қартаюына байланысты егде тартып, жүйкесы сыр берген адамдарға күтім жасау мәселесі өзекті болып отыр», - делінген баяндамада.

2010 жылы жүйке ауруына шалдыққандарды ауруханаларға жатқызу 11,5 пайызға өскен, бұл елде амбулаториялық көмектің жеткіліксіздігін көрсетеді. Дегенмен Латвия денсаулық сақтау ведомствосы елде өзіне өзі қол салу саны 16 пайызға қысқарғанын келтірген. Латвия бұл көрсеткіш бойынша бұрынғыша Еуроодақ елдерінің арасында үшінші орынға шығып отыр.

Құжатта сондай-ақ Латвияда бұған дейін психиатр-дәрігерлердің жеткілікті болып келгендігі аталып өткен, алайда олардың үштен бір бөлігі зейнет жасына тақау. Бұл болашақта әсіресе өңірлерде кадр тапшылығына әкеп соғуы ықтимал.