Латвия Конституциясына сәйкес, дауыс беру құқығына шамамен 1,56 миллион азамат ие. 100 депутаттық мандатқа 14 партиялық тізімнен 1 428 кандидат ұсынылған.
Мандаттар бес сайлау округі бойынша бөлінеді:
Рига — 38 мандат;
Видземе — 26;
Земгале — 13;
Латгале — 12;
Курземе — 11.
Ел аумағындағы кез келген сайлау учаскесінде төлқұжат немесе жеке куәлік арқылы дауыс беруге болады. Алдын ала дауыс беру 2 қазанда аяқталды. Жұма күнгі мәлімет бойынша, 174 517 адам немесе сайлаушылардың 11,2%-ы дауыс берген.
Сауалнамаларға сәйкес, премьер-министр Андрис Кулбергстің центристік «Біріккен тізімі» (Apvienotais saraksts) шамамен 14% қолдаумен көш бастап тұр.
Одан кейін Юлия Степаненконың «Егемен билік»/«Жас латыштар одағы» (Suverēnā vara) және кәсіпкер Айнарс Шлесерстің «Латвия бірінші орында» (Latvija pirmajā vietā) партиялары шамамен 9%-дан жинап тұр.
Сонымен қатар «Прогрессивтілер», Ұлттық альянс, Жасылдар мен шаруалар одағы және «Жаңа бірлік» партиялары да 5 пайыздық сайлау межесінен өтуі мүмкін.
Жергілікті партиялардың ешқайсысы парламентте басымдыққа ие болады деп болжап отырған жоқ. Сондықтан сайлау қорытындысы шыққаннан кейін партиялар арасында коалиция құру жөнінде келіссөздер жүргізіледі.
47 жастағы кәсіпкер, бұрынғы автожарысшы Андрис Кулбергс 2026 жылғы мамырдың соңында Латвия үкіметінің басшысы болды. Бұған дейін Эвика Силиня басқарған («Жаңа бірлік») үкімет Латвияның әуе кеңістігіне дрондардың кіруіне қатысты оқиғалардан кейін туындаған келіспеушіліктерге байланысты тараған.
Сарапшылардың пікірінше, Риганың еуропалық бағыты жалпы алғанда сақталуы мүмкін. Алайда болашақ үкіметтің құрамы сайлауда қанша партияның 5 пайыздық межеден өтетініне және әлі шешім қабылдамаған сайлаушылардың дауыстары қалай бөлінетініне байланысты болады. Сауалнамаларда мұндай сайлаушылардың үлесі шамамен бестен біріне жеткен.
Заң бойынша жаңа Сеймнің алғашқы отырысы 3 қарашадан кешіктірілмей өтуге тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы Мемлекеттік Думаның тоғызыншы шақырылымы депутаттарын сайлаудың қорытындысын бекіткенін хабарлаған едік.