Латвиялық кәсіпкерлер президенттік ұшақта төбелес шығарды

АСТАНА.  Тамыздың 17-сі.  ҚазАқпарат - Латвия  Президенті    Валдис  Затлерспен   бірге  бір   ұшаққа мінген      кәсіпкерлер    ішімдікке сылқия  тойып алып,   төбелес  шығарған. ҚазАқпарат бұл туралы «Эхо Москвы» радиостансысына  сілтеме  жасап  хабарлайды.


Балтық елінің  бұқаралық ақпарат құралдарының  хабарлауынша, кәсіпкерлер   мемлекет басшысымен  бірге    Әзірбайжаннан  қайтып  келе жатқан.  Ұшақ  жерден көтеріле салып,      алкогольдік ішімдіктер іше бастаған олар, әбден  қызып алған соң,   адамдардың  ұшақта  жайғастырылу   жағдайына  наразылықтарын білдірмек  болған.  Істің мән-жайына келер болса,   кәсіпкерлер     ұшақта  эконом-класқа, ал президент  пен   елдің    экономика  және  сыртқы істер министрлері бизнес-класқа  отырғызылған болып шыққан.

 Мас  кәсіпкерлер   қолдарына алкогольдік ішімдіктерін  ұстап, әрлі-берлі  жүрген  және  үкіметке   тіл тигізген. Әзірбайжан  сапары үшін   әрқайсысының   2 мың доллардан   төлеуге   мәжбүр болғаны  олардың    үлкен ашуын туғызған.

 Өз  атына айтылған   әңгімелерді  ел президентінің  үлкен  сабырмен қабылдап, ешқандай  қарсы сөз айтпағаны  хабарланып  отыр.

 Латвия     басшысының әкімшілігінен  хабарлағандай,  бұл  факті бұдан былай   үкіметтік  делегацияның тізімін  жасау  кезінде     назарда ұсталатын  болады.

 Ал    шетелге  ресми сапарлар  кезінде     мас болып төбелес ұйымдастырған  кәсіпкерлер  болса,    ештеңеден  ұялмайтындарын, себебі    Латвия мемлекетінің негізін өздері  құрайтынын   мәлім етуде.