Латвиялық компаниялардың ЭКСПО-2017 көрмесіне, Қазақстанға қызығушылықтары өте зор - Президент А.Берзиньш

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - 2-4 маусым аралығында елімізде өтіп жатқан Латвия Президенті Андрис Берзиньштың алғашқы ресми сапары қазақстандық-латвиялық қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталып отыр. Жалпы, Қазақстан мен Латвияның достық қарым-қатынасының тамыры тереңде десек артық емес. Оған Елбасының латыш Президентімен кездесуі барысында атап өткен мына бір сөзі де дәліл бола алады.

«Біздің тарихымыз бен тағдырымыздың ортақ тұстары бар екендігі баршаға мәлім. Бұрын бір жүйеде болған екі ел бүгін өз жолымен орнықты дамып келеді. Қазір екіжақты саяси диалог белсенді әрі сенімді сипатқа ие болып отыр», - деген еді Мемлекет басшысы.

Бүгін Латвия Президент ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатында қазақстандық-латвиялық ынтымақтастықтың одан әрі даму болашағына қатысты өз ойымен бөлісті.

- Президент мырза, Сіз Астанаға жасаған сапарыңыз барысында бірқатар кездесулер өткізіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздестіңіз. Келіссөздер нәтижесіне, сонымен қатар сапарыңыз аясында өткен бизнес форумға көңіліңіз толды ма?

- Сапарымның нәтижелі өткендігі сөзсіз. Премьер-Министр Серік Ахметовпен кездесу барысында біздер үш келісімге қол қойдық. Біріншісі, әрі меніңше ең маңыздысы бұл - білім беру және ғылым саласында ынтымақтастық туралы құжат. Екіншісі, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Бұл салада сіздерде үлкен бағдарлама да бар екен. Мұнда туындайтын мәселелер ауқымы өте зор әрі біз үшін пікір алмасу, тәжірибе бөлісуде қажеттілік бар. Айтпақшы, біздер бұл саладағы Еуроодақтың тәжірибесінен де мол хабардармыз. Үшінші келісім туризм саласын қамтиды. Бұл да өте маңызды.Өйткені, бұл бизнестен бөлек, екі елдің азаматтары арасындағы байланыстардың дамуына да тікелей әсер ететіндігі сөзсіз.


- Форум барысында сіз заманауи технологиялар трансферті жайында сөз қозғап едіңіз. Латвия бұл салада Қазақстанға көмек бере ала ма?


- Сіздің елдеріңіз әлемнің көптеген елдерімен сан-саладағы ынтымақтастықты қарқынды жүргізуде. Сіздердің еліңізде шикізат ресурстарының мол екендігі маңызды әрі Қазақстан жаңа технологияларды қажетсінеді. Астанадағы бизнес форумға қатысу үшін келген біздің делегация мүшелері бұған дейін қазақ жерінде жұмыс істеген емес. Дегенмен, олар жоғары технологиялармен байланысты түрлі салаларда өнімді еңбек етуде. Елге оралғаннан кейін біздер бір айдың ішінде форумның қорытындысын шығаратын боламыз. Әрине, қазақстандық тараптан да өкілдер шақыруымыз бек мүмкін. Яғни, технологиялар беру үшін нақты арналар қажет.

- Өзіңіз білетіндей, біздің елімізде үдемелі индустрияландыруға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Біздерді ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу саласындағы латвиялық тәжірибе қызықтырады. Ал латвиялық компаниялар Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға ниетті ме?

- Егер де ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру туралы айтар болсақ, онда біздерде бұл салада нақты жинақталған тәжірибенің бар екендігі рас әрі даму үстінде де. Тіпті сонау кеңес заманында да Латвиядағы көптеген кәсіпорындар негізінен ет, сүт, балық өнімін өндіруге шоғырланған болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанда, сонымен қатар әлемнің көптеген елдерінде Латвияда өндірілген балық консервілері сатылуда. Біз бұл өнімдерімізді Батыс Еуропаға да экспорттаудамыз. Әрине, қазіргі уақытта ет және сүт өңдеуде жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарлары өнідірісін арттыру бағытындағы ауқымды жобасы бар екендігін жақсы білеміз. Егерде оны өңдеу бойынша өндірісті дамытуға ниет болса, онда өнімнің еуропалық стандартқа сай болуына ерте бастан-ақ көңіл бөлген дұрыс. Әйтпесе, ол өнімді сатылымға шығаруды кедергілердің көп болатындығы сөзсіз. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде сіздерде бірқатар өнімдер еуропалық стандартпен шығарылуда екен. Мәселен, йогурттарыңыздың еуропалық дәл сондай өнімнен еш айырмашылығы жоқ. Тәжірибе алмасу біздің елдеріміз үшін пайдалы екендігіне дау жоқ. Өйткені, бізде Еуропамен, ал сіздерде Қытаймен сауда-саттық жасауда тәжірибе бар.

- Сіздің көзқарасыңызша, Қазақстан мен Латвия арасында туризмді дамытудың болашағы қандай?

- Сіздердің Президенттеріңізбен сұхбаттасуым барысында байқағандарыңыздай біздердің елдеріміздің арасында баяғыдан келе жатқан тарихи сабақтастық бар. Дегенмен, уақыт өтуде, біздер дамудамыз. Сондықтан да мен туризм үшін жақсы болашақ бар деп ойлаймын. Әрине, ол үшін тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру, басқа да көптеген мәселелерді шешу деген сияқты белгілі бір жұмыстарды атқаруымыз да керек.

- Латвия үшін Қазақстан аумағы арқылы тауар тасымалдау мүмкіншілігі қаншалықты маңызды?

- Таяу болашақта Азия, әсіресе Қытайдың басқа өңірлерге қарағанда қарқынды дамитындығына еш күмән жоқ. Сондықтан да Еуропадан Қытайға тауар тасымалдау өте маңызды болмақ. Егер барынша терең әрі мығым байланыс орнар болса, онда бизнестің өзі-ақ қажетіне қарай оңтайлы бағытты таңдай отырып дами беретін болады.

- Сіздер Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне атсалысасыздар ма?

- Иә, біз осынау халықаралық деңгейдегі шараға қатысуды жоспарлап отырмыз әрі ресми шақырту да алдық. Бұл өз жетістіктеріңді паш етуге таптырмас өте жақсы мүмкіншілік. Өйткені, ЭКСПО -2017 - бұл әлемік деңгейдегі көрме. Менің түсінуімше, сіздердің жоспарларыңыз тым ауқымды, көрмеге 100 гектар жер бөлінген.

Бізде дайындық жұмыстары жүргізілу үстінде және оған уақыт та жеткілікті. Біз ең үздік нәтижелерімізді көрсетуге тырысатын боламыз. Жалпы, біздің компаниялардың бұл көрмеге әрі Қазақстанға қызығушылықтары өте зор. Біздің делегацияның құрамында 70 компания өкілінің болуы да тегін емес. біз барлық мәселелерді сіздердің елшілеріңізбен талқылауға ниетті болып отырмыз, ол өте тәжірибелі кісі. Ең болашағы зор бағыттарды таңдауымыз қажет.

- Сіздің Президент Н.Назарбаевпен кездесуіңіз барысында Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымын жарты млрд. долларға жеткізу мүмкіншілігі талқыланды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 350 млн. долларды құрап отыр ғой.

- Менің ойымша, бұған мүмкіншілік жетеді. Екі ел арасындағы тауар айналымы өсімінің өзі оған үміт артуға мүмкіншілік беріп отыр. Біздің негізгі нарықтарымыз - бұл көршілес елдер. Бірінші кезекте - Литва, Эстония, Германия, Ресей. Одан кейін - Швеция, Финляндия, Польша. Аталған елдермен тауар айналымының молынан арта түсетіндігіне иек артпаймыз. Бірақ сіздердің елдеріңізбен ондай мүмкіншіліктер көп. Әрине, мұның барлығы да өзімізге тікелей байланысты екендігі сөзсіз.

- Қазақстан өз тауарларының тасымал көлемін Балтық теңізіндегі латвиялық порттар арқылы ұлғайта түсуге қызығушылық танытады. Бұл Латвияға қаншалықты пайдалы?

- Сіздердің Президенттеріңіз де, Премьерлеріңіз де латвиялық порттар арқылы тасымал туралы айтқанда болашаққа көз тігіп отыр. Қазіргі уақытта сіздерде жүздеген, мыңдаған шақырым автомобиль және темір жолдар салынуда, қарқыны да қатты. Әрине, егер жүк Қытайдан Еуропаның орталығына қазіргідей 1,5 айдың ішінде емес небәрі 2 аптаға толмайтын мерзімде жеткізілетін болса, онда бұл бизнес үшін өте тиімді. Дегенмен, қалай болғанда да инвестиция қажет. Біздерде, Латвияда да темір жолдарды дамытуға арналған бағдарлама бар. Польша, Литва, Латвия, Эстония және мүмкін болған жағдайда Финляндия арқылы Балтық жағалауы мен Жерорта теңізін байланыстыратын жаңа темір жол құрылысының жобасы межеленіп отыр. Мұндай жол жоғарыда аталған елдердің барлығына да пайдалы әрі тиімді болар еді және де барлығы бұл жобаға қатыса алады.

- Сұхбатыңызға рамхет!