Латын әліпбиінде «W»-ді қалдыру қажет - Қуат Домбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Коммуникация саласының маманы Қуат Домбайдың ойынша, латын әліпбиінің соңғы нұсқасында кейбір диграфтарды да қалдырған жөн.

 Себебі оған халықтың көзі әбден үйренген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, «W» әрпін қалдыру қажет. Себебі ол кез келген пернетақтада бар. Сосын фонетика жағынан аталған әріп біздің «ұ» деген әрпімізге сәйкес келеді. Ал кириллицадағы «У»-ды «U» (Президентке көрсетілген кешегі нұсқада «У»-ды «Ү'» мен «у'»  деп берген - авт) деп қалдырған жөн. Бұдан бөлек, «Sh», «Ch» және «Ng» деген үш диграфтарды қалдыруға болады. Алдындағы екеуіне көзіміз әбден үйренді. Кешегі нұсқада ол екеуін «С'» пен «S'» деп жазған. Олай жазсақ, қазақтың кейбір сөздерінде апостроф қаптап кетеді. Ал «Ng» француз бен ағылшын тілдері тұрғысынан «Ң» болып жақсы қабылданады», - деді Домбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Маманның сөзіне қарағанда, латын әліпбиіне қатысты ұсыныстар қашан да көп болады. Сондықтан оны тездетіп енгізген жөн. Күні кеше бір нұсқаны Президентке көрсеткеннің өзі осы саладағы жұмысты тездетіп атқарудың көрінісі болса керек. «20 жылдары латын әліпбиіне бір жылдың ішінде көшті. 40-жылдары да солай болды. Қазір одан да оңай. Себебі баспа машинкаларын өзгертудің қажеті жоқ. Компьютер бар, пернетақта бар. Қазір нақты бір нұсқаны қабылдап, нақты бір бағытқа түссек, кемшін тұстарын жол-жөнекей де түзетуге болады Ал латын әліпбиін қолдану жағынан қиындық болмауы тиіс. Себебі жастар үшін латын әріптері таңсық емес. Иә, үлкен кісілер үшін ауыр болады. Дегенмен, латын әліпбиінің болашақ үшін, қазіргі жастар үшін енгізіліп жатқанын ұмытпау қажет», - деп атап көрсетті Қуат Домбай.