«Рухани жаңғыруды Елбасы бүгін көтеріп отырған жоқ. Бұрыннан қозғап келе жатыр. Назарбаевтың ұлттық жаңғыру туралы баяғыда айтқан сөзі есімде қалыпты. Ұлттық жаңғыру - сананың кемелденуі, сананың пісіп-жетілуі. Ол үшін не істеу керек? Ел болуымыз керек. Ел болу үшін не істеу керек? Ел болуға ұлттық рух керек. Ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім керек деп еді. Дүниеде қазақ деген ел біреу. Демек оның ұлттық болмысы, ұлттық сана-сезімі, әдет-ғұрпы барша қазаққа тән. Оның ғажайып мол рухани қазынасы бөліп-жаруға жатпайтын ортақ байлық екенін де Елбасы айтты. Яғни, біздің ұлтымыздың тұтас болмысы - біздің байлығымыз. Біз осы байлықты барынша игеріп жатырмыз ба, жоқ әлде ажырап бара жатырмыз ба? Міне, ұлттық жаңғыру деген осы», - деп атап өтті К. Әмірбек.
«Сонау 70-жылдары «Мой адрес - Советский союз» деген ән дүние жүзін шарлады. Оның түпкі мақсаты - сол заманда Кеңес үкіметіндегі жүзден астам ұлтты жойып, бір ғана Кеңес үкіметінің азаматтарын шығару еді, - деп жалғастырады ол. - Ұлттың аты жойылған соң, өзі де жойылады ғой. Соны біз намыспен сақтап қалдық. 1986 жылы Желтоқсанда ортақ ұлт жасаудың жолы кесілді. Ұлт болып қалғанымыз үшін бақыттымыз».
Оның пікірінше, ұлтты сақтап тұрған бірінші қасиет - оның ғажайып тілі. «Елбасы бір сөзінде барлық саладағы іс-қағаздарымыз мемлекеттік тілге толық көшкенде, Қазақ елі деп аталамыз деді. Бүгінгі Елбасының бағдарламасын ертеңгі күні бақытқа апаратын баспалдақ дер едім. Енді сол баспалдақпен көтеріліп, жоғары өрлеуіміз керек», - деп атап өтті Көпен Әмірбек.