Латын әліпбиіне көшуді жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылып, бағдарлама қабылдануы тиіс - М. Бақтиярұлы

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда латын әліпбиіне көшуді жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылып, бағдарлама қабылдануы тиіс.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұрат Бақтиярұлы осы мәселені көтерді.

Сөз арасында сенатор 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы Н. Назарбаевтың латын әліпбиіне қатысты көзқарасы мен ұсынысын айтып өтті. «Елбасының осы тапсырмасы мен латын әліпбиіне көшудің қаншалықты маңыздылығына қарамастан, өкінішке орай бұл мәселені әлі де болса тек қана  талқылаудан, ұсыныс айтудан әріге апара алмай отырмыз. Ендігі арада саяси-экономикалық, ғылыми және халықаралық маңызы бар бұл мәселені кідіртудің қажеті жоқ  деп ойлаймын. Өйткені ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін әлдеқашан пайдаланып та жүр», - дейді сенатор.   Оның айтуынша, Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесіне өзі қолдау білдіріп отырғанда, ендігі арада бұл мәселені соза бермей жан-жақты сараптамадан өткізу қажет. Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл институты  латын әліпбиіне көшудің  жобасын  әзірлеп те қойған. Бұл институт мамандары ең әуелі өз еліміздің тарихындағы әліпби реформасының, сонымен қатар өз тәуелсіздіктерін алғаннан кейін кирилицадан латынға көшкен  Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан елдерінің тәжірибелерін  зерттеп, жинақтап отыр.

«Бұл реформаның саяси салмағы да бар. Яғни, латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстанның түрік әлемімен жақындасуы одан әрі арта түседі.  Еліміздің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпал етеді. Сонымен бірге шет елдерде тұратын қандастарымыз үшін өз  атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдете түсер еді. Латын әліпбиіне көшу ісі тәуелсіз Қазақстанның өз шаруасы. Сондықтан да бұл мәселені шешу үшін жан-жаққа қарайлаудың, болмаса мұны саясиландырудың қажеті жоқ қой деп санаймыз. Латын әліпбиіне көшу туралы қоғамдық пікір айтылып болды,  толыққанды ұсыныстар мен пікірлер әбден жеткілікті. Ендігі арада бұл мәселені  қайтадан талқылауға салып, қайтадан қоғамдық пікірді зерттеудің ешбір қажеттілігі жоқ деп білемін. Бұлай жасар болсақ, онда бұл мәселені шешу тағы да ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін. Осыған жол бермей, қазіргі уақытта жасалып, дайын тұрған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін Мемлекеттік комиссия құрып, латын әліпбиіне көшудің арнайы бағдарламасын қабылдап, 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елімізде кириллица мен латын әліпбиі кемінде бес жылдай өтпелі кезең шеңберінде қатар жүргізілуін жүзеге асыру қажет деп есептеймін», - дейді депутат.