Латын Америкасында коронавирустан бірінші адам өлімі тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Аргентина билігі 64 жастағы ел азаматының коронавирустан қаза тапқандығын жария етті. Бұл Латын Америкасындағы вирустан бірінші адам өлімі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ABC News агенттігіне сілтеме жасап.

Аргентина Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Буэнос-Айрес тұрғыны болған пациент таяуда Еуропаға барған кезінде COVID-19 вирусын жұқтырып келген. Таратылған мәліметке сәйкес, науқас бүйрек жетіспеушілігімен, диабетпен, гипертониямен бронхитпен ауырған. Ол сәрсенбі күні ауруханаға түскен сәттен бері жақсақтау бөлімінде жатқан. Қазіргі уақытта ел билігі қаза тапқан азаматтың Еуропадан келгеннен кейін кімдермен қарым-қатынаста болғанын анықтауға тырысып жатыр.

Айта кетерлігі, Латын Америкасында коронавирус жұқтырудың жаңа деректері артып келе жатыр. Перуде COVID-19 вирусын жұқтырған тағы 5 дерек нақтыланды. Бұған дейін бұл елде бір адамнан коронавиру анықталған еді.

Парагвайда да бір адамнан коронавирус табылды. Ал Чилиде бүгін COVID-19 вирусын жұқтырудың 7 нақтыланған дерегі тіркелді. Коста-Рика Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырудың жаңа 4 оқиғасын растап отыр. Осы демалыс күндері Мексика, Бразилия, Эквадор, Колумбия елдері де коронавирусқа шалдыққандардың бар екендігін ресми хабарлады.